Жас актердің бастамасына Облыстық мәдениет басқармасы іле қолдау көрсетіп, оның ұйымдастыруына, қаржылай жағынан да көмек көрсетіп отыр. «Өнер барысы» жарысына, әрине, кәсіби спортшылар емес, әуесқойлар қатысады. 3-4 мамыр күндері «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің «Қостанай қыраны» деп аталатын облыстық іріктеу сатысы өтеді. «Өнер барысы» сол 4 мамыр күні осы жарысқа жалғасатын болады.
«Өнер барысына» бір сөзбен айтқанда әнші, жыршы, ақын, асаба, режиссер секілді өнердің айналасында жүрген сері жігіттер өз еріктерімен қатысады. Қазірдің өзінде 30 жігіт жазылып отыр. Мұнда жүлде болмайды, өйткені бұл жарыс спортты насихаттаумен бірге, қайырымдылық парызын атқарады, – деді Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақ.
Ерлан Болатұлы бастама көтерушілерді облыстық «Костанайские новости» газеті жанындағы «Жизнь на ладони» қайырымдылық жобасының жетекшісі Ольга Абалаковамен кездестіріп, жастардың бастамасының игі іске жалғасуына мұрындық болды.
«Бастамаларыңызға рахмет. Біздің жобада бір жарым жыл бойы кезекте тұратын балалар бар. Барлығына да көмек керек. Сіздердің өткізетін қайырымдылық турнирінен түсетін қаржы Торғай өңіріндегі көп балалы Жексенбайлар отбасының құлағы нашар еститін 8 жастағы Ақерке деген қызына есту аппаратын сатып алуға жұмсалатын болады. Ол Ресейде кемінде 500 мың теңге тұрады» деді Ольга Афанасьевна.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай